Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars арасында жалпы құны шамамен 180 миллион доллар болатын инвестициялық келісім жасалғаны айтылды. – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президент бұл құжатты ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестіктің бастамасы ретінде бағалады. Оның айтуынша, келісім Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді.

Жоба шеңберінде Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Жаңа өндіріс агроөнеркәсіптік шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Пол Вайраух мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Оның сөзінше, аталған жоба компанияның өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, Орталық Азия мен көршілес өңірлер нарығына өнім жеткізу көлемін ұлғайтуға жол ашады.