Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіп кооперациясы және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың даму перспективалары талқыланды, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Александр Турчиннің Астанаға жасаған алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін айғақтайды және екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ниеттілікті көрсетеді.
– Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды деп санаймыз. Елдеріміздің сауда байланыстары миллиард долларға жуықтап, табысты дамып келеді. Менің білуімше, Қазақстан – Беларусьтің екінші ірі сауда серіктесі. Жалпы, Сіздің еліңіз бен халқыңыздың мәдениетіне ерекше құрметпен қараймыз. Осы орайда Президент Александр Лукашенкоға сәлемімді жолдаймын. Табысты ықпалдастығымызды нақты нәтижелермен жалғастыруға бейілміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин өзара тиімді диалогтың жоғары қарқынын сақтауға және мемлекеттер басшылары белгілеген міндеттерді іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.
– Сізге Президент Александр Григорьевич Лукашенконың ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Күні кеше біз кеңінен пікір алмастық, мен Қазақстанға сапарымның бағдарламасы туралы толық баяндадым. Еліңіздің даму жолын қадағалап отырамыз және тұрақты экономикалық өсім көрсеткіштеріңізге шын жүректен қуаныштымыз. Өзіңіз айтқандай, екі ел арасындағы тауар айналымы артып келеді, – деді ол.
Беларусь тарапының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында екіжақты сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсті. Өнеркәсіп кооперациясы аясында жалпы құны 204 миллион доллар болатын 12 бірлескен жоба жүзеге асқан. Тағы үш жоба дайындық кезеңінде.
