Қордай ауданында азаматтардың өтінішіне жедел әрекет ету және олардың мәселесін заң аясында шешу – жергілікті атқарушы органдар жұмысының басым бағыттарының бірі екендігі белгілі, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі. Осы орайда жұма күні Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов азаматтарды жеке қабылдау өткізді.
Қабылдауға жауапты бөлім мен мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты. Бұл күні аудан әкімі орынбасарының қабылдауына 13 азамат жазылып, кезектен тыс тағы 3 аудан тұрғыны өз өтінішін жеткізді. Азаматтардың өтініштерінің басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты болса, кейбіреулері жер және өзге де мәселелерді көтерді.
Мәселен, Қордай ауылының бір тұрғыны тұрғын үй алу және баласын оңалту орталығына орналастыру мәселесін көтерді. Ол Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес 2024 жылы «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған. Оның өтініші заң аясында қарастырылып, тиісті түсініктемелер берілді.
Сонымен қатар, бір азамат Қордай ауылындағы Чуйская және Кенесары көшелерінің қиылысындағы тұйық жолдың жабылуы тұрғындарға қолайсыздық туғызатынын айтып, жолды қайта ашу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бұл мәселе бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Әлжан ана ауылының тұрғыны Қордай ауылы, Яссауи көшесіндегі арендалық тұрғын үйдегі бірқатар ақаулар туралы хабарлады. Мердігер ұйымға хабар беріліп, ақауларды жою жұмыстары жақын күндері жүргізілмек.
Бақыт Сахатов әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

