Жамбыл облысында биыл әлеуметтік салаға 46,6 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есе көп. Аталған мәліметтер облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде жарияланды, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жаңа жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жоспарланған 12,5 мыңның орнына 16,5 мың жаңа жұмыс орны құрылған.

Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша барлығы 57,3 мың жұмыс орны ашылып, оның 40,4 мыңы тұрақты болған. (Жоспар – 65,6 мың, оның ішінде 48,4 мыңы тұрақты.)

Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 42,8 мың адам қамтылды. Олардың арасында 1,1 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 29,5 пайызға азайған. Бұл – тұрғындардың табыс көзін арттыруға мүмкіндік алып жатқанын білдіреді.

Облыста 11 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп, қиын жағдайға тап болған 826 отбасы қажетті көмекті алған.

Жыл соңына дейін Тараз қаласында 200 орындық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын ашу жоспарланып отыр.