«Заң және тәртіп» жобасы аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен полиция бөлімі бірлесіп «Түнгі тәртіп – жасөспірім қауіпсіздігі» тақырыбында түнгі рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу, әсіресе кәмелетке толмағандар мен жастар арасында заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және түнгі мезгілдегі қауіпсіздікті арттыру.

Рейд барысында аудан аумағындағы қоғамдық орындар, демалыс саябақтары, ойын-сауық нысандары мен жастар жиі жиналатын аймақтар тексерілді. Түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілінің бақылауынсыз жүрген жасөспірімдерге басымдық беріліп, қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ жастармен құқықтық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау және жеке қауіпсіздікке қатысты профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түнгі рейдтер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы бірлескен профилактикалық шаралар тұрақты түрде жалғасын таппақ.