Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қатысуымен өткен ірі бизнес-форумда Қазақстанның экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге ниетті екені тағы бір мәрте айқындалды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиынға мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары, сауда-өнеркәсіп палаталары, халықаралық құрылымдар мен кәсіпкерлер қатысып, өзара әріптестікті дамытудың нақты бағыттарын талқылады. Форумның ашылуында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан түркі елдерімен экономикалық байланыстарды күшейтуге жүйелі түрде басымдық беріп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, цифрландыру және электронды сауда салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік мол.
Министр баяндамасында Түркі инвестициялық қорының рөліне ерекше тоқталды. Бұл құрылым алдағы уақытта ортақ жобаларды қаржыландыратын негізгі тетіктердің біріне айналуы тиіс. Қазақстан қорды тек қаржы институты ретінде емес, елдер арасындағы сауда айналымын арттырып, жаңа өндірістерді іске қосуға жол ашатын тиімді алаң ретінде қарастырады.
Серік Жұманғариннің сөзінше, Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдер 170 миллионнан астам халқы бар ауқымды нарық қалыптастырып отыр. Өнеркәсіп, көлік, аграрлық сектор және адами ресурс тұрғысынан да әлеуеті жоғары. Осы мүмкіндікті нақты жобаларға ұластыру – бүгінгі басты міндет. Яғни, декларациямен шектелмей, өндіріс ашу, технология алмасу және инвестициялық байланыстарды күшейту қажет.
Қазіргі кезеңде Түркі инвестициялық қоры бірлескен жобаларды қаржыландыруды бастапқыда 20 миллион доллардан бастауға дайын. Соның ішінде Алматы халықаралық әуежайының инфрақұрылымын дамыту жобасына қатысу мәселесі қаралып жатыр.
Вице-премьер көлік дәліздерін дамытуға да ерекше мән берді. Әсіресе Транскаспий халықаралық бағыты арқылы Шығыс пен Батысты байланыстыратын транзиттік мүмкіндікті кеңейту, теміржол мен порт инфрақұрылымын жаңғырту – ортақ басымдықтардың бірі.
Цифрландыру бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Жұманғариннің айтуынша, IT саласы, стартаптар, цифрлық сервистер мен жасанды интеллектті бірге дамытуға барлық негіз бар. Осы ретте Astana Hub, «Астана» халықаралық қаржы орталығы секілді алаңдардың қатысуы өзара тәжірибе алмасуға жол ашады.
Ол бизнес қауымдастықтардың рөлін ерекше атап өтті. Интеграциялық үдерістердің қозғаушы күші – кәсіпкерлер. Сондықтан бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және артық кедергілерді азайту маңызды.
Жиын соңында вице-премьер Түркі мемлекеттері ұйымына, сауда-өнеркәсіп палаталары одағына, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына және форумды ұйымдастыруға атсалысқан барлық тараптарға алғыс білдірді.

