Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «KEGOC» АҚ қызметіне қатысты кеңес өтіп, Ұлттық электр желісінің қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары қаралды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиында Мемлекет басшысының Ұлттық электр желісін дамыту, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық және энергия жүйесін басқаруда цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша KEGOC жоспарланған жөндеу науқанын 18 пайызға артық орындаған. Инвестициялық бағдарлама аясында 99,5 млрд теңге игерілген. Ал 2026 жылға арналған инвестиция көлемі 181,9 млрд теңге деңгейінде жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта компания «Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстан энергетикалық жүйесін Бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу» жобаларын жүзеге асыруды жалғастыруда. Бұл жобалардың мерзімі Президент тапсырмасына сәйкес қысқартылған. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, 2035 жылға дейінгі Ұлттық электр желісін дамыту жоспары да қаралды. Бұл кезеңде шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желісін салу көзделіп отыр.
KEGOC цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында да бірқатар жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, энергия жүйесінің жұмысын онлайн бақылау, өндірісті болжау, деректерді талдау және автоматтандыру жүйелері енгізілуде. Осы шешімдердің жалпы экономикалық тиімділігі 16,6 млрд теңгеден асқан.
Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындықты күшейтуді, ірі энергетикалық жобалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды және саладағы жаңғырту жұмыстарын нақты нәтижеге бағыттауды тапсырды.

