Брюссельде Еуропалық Одаққа мүше елдердің бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелі өтті. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс бүгінде нақты стратегиялық әріптестікке ұласқанын айтты, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Президенттің айтуынша, Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала береді. Қазіргі таңда елімізге тартылған шетелдік инвестициялардың шамамен жартысы ЕО мемлекеттерінің үлесіне тиесілі. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 45 миллиард доллардан асты.

Мемлекет басшысы Қазақстанға инвестиция құйып отырған еуропалық компаниялардың саны төрт мыңға жуық екенін атап өтті. Олардың арасында Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестер бар. Сонымен қатар еліміз жаңа инвесторлармен де байланысын кеңейтіп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар барысында жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын жеткізді. Оның сөзінше, бұл Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестіктің нақты жобалар арқылы нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Президент соңғы жылдары Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айтты. Былтыр ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,5 пайызға жетсе, экономиканың жалпы көлемі 305 миллиард доллардан асты. Биыл бұл көрсеткіш 360 миллиард долларға дейін ұлғаяды деген болжам бар.

Мемлекет басшысы елімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның ішінде цифрлық инвестициялық платформа іске қосылып, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жолға қойылған. Сондай-ақ шетелдік инвесторларға арналған Altyn Visa бағдарламасы енгізілген.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Еуропа мен Орталық Азия, Қытай, Кавказ және Таяу Шығыс арасын жалғайтын маңызды логистикалық орталыққа айналуға ұмтылып отырғанын айтты.

Осы мақсатта елде жаңа теміржол желілері салынып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты қарқынды дамытылып жатыр. Соңғы алты жыл ішінде Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есеге өсіп, 4,1 миллион тоннаға жеткен. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Президент Қазақстанның көлік және логистика саласына соңғы он бес жылда 35 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын айтты. Бүгінде Ақтау мен Құрық порттары халықаралық транзиттің маңызды нүктелеріне айналған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа үшін аса маңызды шикізат ресурстары бойынша сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміз ЕО үшін стратегиялық маңызы бар 34 минералдың 21 түрін жеткізуге мүмкіндікке ие.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан сирек металдарды өндірумен қатар оларды терең өңдеуге де басымдық беретінін айтты. Бұдан бөлек, еліміз әлемдік уран нарығында жетекші орынға ие және жаһандық сұраныстың шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Президент сөз соңында Қазақстанның табиғи ресурстарды игеру, жаңа технологияларды тарту және өндірісті дамыту бағытында еуропалық серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.