Жамбыл облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өңірдің ақпарат саласында еңбек етіп жүрген екі журналист баспаналы болды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, баспанамен қамту – журналистерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың бір көрінісі. Сондай-ақ ол ақпарат саласы мамандары халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, елдегі маңызды оқиғаларды қоғамға шынайы әрі жедел жеткізіп жүргенін айтты.
Мерекелік шара барысында «Қазақстан» республикалық телерадио кешені» АҚ Жамбыл облыстық филиалының бейнемонтажері Әлібек Байгутиев пен «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-не қарасты «AR-AI» газетінің тілшісі Құралай Сейсенбекқызына жаңа пәтердің кілті табысталды.
Өңір басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспана әр отбасының бақ-берекесі мен тұрақтылығының негізі екенін айтып, жаңа шаңырақтарына құт-береке тіледі.
Өз кезегінде баспаналы болған БАҚ өкілдері көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдіріп, мұны журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.

