Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы елдің алдағы онжылдықтардағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжатқа айналды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияны тиімді іске асыруға қатысты мәселелер қаралды.
Үкімет басшысы Ата заңның күшіне енуі еліміздегі жаңғыру үдерісінің жаңа кезеңін бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, Конституция азаматтардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістердің негізін қалыптастырады.
Олжас Бектенов жаңа құжат тек экономикалық даму көрсеткіштерімен шектелмейтін, елдің тұрақты әрі сапалы дамуына жол ашатын берік негіз болатынын айтты.
Премьер-министрдің сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жаһандық өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, жаңа экономикалық және қоғамдық үрдістерді қалыптастыратын белсенді ел болуы керектігін үнемі атап келеді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды жаңғырту жұмыстары басталғанын жеткізді. Бұл өзгерістер қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, заң үстемдігін нығайту және жаңа буынның қалыптасуына бағытталған.

