Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэ мен Азия гимнастика одағының президенті Абдулрахман Аль-Шатриді қабылдады, — деп хабарлайды «Korday24news» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында Қазақстанда гимнастика спортын дамыту және оны кеңінен насихаттау бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Халықаралық гимнастика федерациясы мен Азия гимнастика одағының Қазақстан гимнастика федерациясына көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде гимнастика балалар мен жастар арасында кеңінен танылып келе жатқанын атап өтті. Қазір спортшылар дайындалатын және халықаралық жарыстар өтетін арнайы кешендер жұмыс істейді. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі гимнастика орталығының құрылысы басталған.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ірі спорттық шараларды ұйымдастыруда тәжірибесі мол екенін айтты. Сондай-ақ ел халықаралық жарыстар өткізу және спортты дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу кезінде Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман Аль-Шатри Қазақстан басшылығының кәсіби және бұқаралық спортты қолдауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Олар қазақстандық спортшылардың әлемдік аренадағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Гимнастика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысы Халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэге I дәрежелі «Достық» орденін, ал Азия гимнастика одағының президенті Абдулрахман Аль-Шатриге II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

