Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидпен кездесіп, халықаралық медиа ұйыммен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында әлемдегі беделді ақпараттық арналардың бірі саналатын Euronews-пен өзара байланысты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттары қаралды.

Президент Euronews-ті оқиғаларды бейтарап жариялап, көрермендерге сенімді ақпарат ұсынатын халықаралық деңгейдегі ірі медиа ресурс ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесін ашқаннан кейін Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси, экономикалық және мәдени үдерістерге көбірек назар аудара бастаған.

Мемлекет басшысы Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық таратуын оң бағалап, бұл екіжақты ынтымақтастықтың маңызды қадамы екенін айтты.

Өз кезегінде Педро Варгас Давид Euronews платформасында Орталық Азия халықтары арасында алғаш рет қазақ тілі енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстан халқын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, елдің негізгі заңында көрсетілген қағидаттар мемлекетті дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Кездесуде Қазақстан Президентінің Брюссельге жасаған ресми сапарының нәтижелері де сөз болды. Euronews басшысы сапар алдында арна сайтында жарияланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы еуропалық аудитория тарапынан үлкен қызығушылық тудырғанын айтты.

Педро Варгас Давидтің сөзінше, еуропалық сарапшылар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын және стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін атап көрсеткен.

Кездесу соңында Қазақстанды халықаралық ақпарат кеңістігінде кеңінен танытуға, сондай-ақ өңірдің жетістіктерін әлемдік аудиторияға жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!