Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысын бастауға арналған телекөпірге қатысып, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жаңа инфрақұрылымдық жобаларға ресми түрде старт берді, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласы Қазақстанның экономикалық дамуына тікелей әсер ететін негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елді Еуропа мен Азияны жалғайтын басты транзиттік хабқа айналдыру – мемлекеттің басты мақсаттарының бірі.
Президент соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Атап айтқанда, өткен жылы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, жүк тасымалы бес есеге артқан. Сонымен қатар Алматы қаласын айналып өтетін жаңа теміржол желісі пайдалануға беріліп, жүктерді жеткізу мерзімі едәуір қысқарған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, өткен жылы Қазақстан арқылы тасымалданған жүк көлемі 6 пайызға өсіп, шамамен 37 миллион тоннаға жеткен. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің, ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» бағытының құрылысы аяқталады.
Президент автожол саласына да ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Соңғы жылдары елімізде республикалық маңызы бар бірнеше ірі автожол жаңартылып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен» және «Қалбатау – Майқапшағай» бағыттары бар.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда автокөлікпен жүк тасымалы екі есеге артқан. Былтыр бұл саланың табысы 1,5 триллион теңгеге жеткен. Қазақстан арқылы өтетін сегіз халықаралық көлік дәлізімен күн сайын шамамен 35 мың көлік қатынайды. Өткен жылы елде 13 мың шақырым жол салынып, жөнделсе, соның 6 мың шақырымы пайдалануға берілген. Келесі жылы автокөлік өткізу бекеттерін толық жаңғырту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің барлық өңірінде жол құрылысы қарқын алғанын айтты. Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын қайта жаңарту басталған. Сонымен қатар тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып жатқанын айтып, Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басқанын жеткізді.
Президент ерекше тоқталған жобалардың бірі – ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жаңа автожолы. Оның сөзінше, бұл бағыт Қазақстанның өңірлерін өзара байланыстырып қана қоймай, Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды халықаралық көлік дәлізіне айналады.
Жаңа жол Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу қашықтығы мың шақырымға қысқарып, тасымалдау мерзімі үш тәулікке дейін азаяды.
Президент осыған байланысты «Бейнеу – Сексеуіл» бағытын «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл жол республикалық әрі халықаралық деңгейдегі маңызды көлік бағытына айналады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдарын кеңейту мен толық жаңғырту жұмыстары да басталғанын айтты.
Бұл жобаларды қазақстандық компаниялар жүзеге асырады. Құрылысқа 10 мыңнан астам адам тартылады. Жобалар аяқталғаннан кейін жүк тасымалы 2,5 есеге өсіп, жылына 13,2 миллион тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Президенттің айтуынша, жаңа жолдар ел экономикасының дамуына, туризмнің өркендеуіне және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін күшейтіп, Еуропа мен Азияны байланыстыратын жетекші логистикалық бағыттардың біріне айналуына мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық құрылыс жұмыстарын 2029 жылдан кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобалардың іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Сондай-ақ Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев өңір тұрғындарының атынан Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

