Жамбыл облысындағы Шу автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысына қайтарылған активтер есебінен 2,9 млрд теңге бөлінді. Жоба іске қосылғаннан кейін Шу және Мойынқұм аудандарындағы 84 мыңнан астам тұрғын тұрақты табиғи газға қол жеткізеді, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Қаржы Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген. Бұл жоба Мемлекет басшысының елді мекендерді газбен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі таңда Шу ауданын табиғи газбен қамту 100 шақырымнан астам қашықтықтағы «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасы арқылы жүргізіледі. Алайда аталған нысан тұтыну көлемінің артуына лайықталмағандықтан, әсіресе жылыту маусымында газ тапшылығы мәселесі туындайды.

Жаңа газ тарату стансасы пайдалануға берілгеннен кейін бұл мәселе шешімін табады. Нәтижесінде тұрғын үйлер, орталық қазандық және кәсіпкерлік нысандары көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа тұтынушыларға техникалық шарт беру жұмыстары қайта жанданады.

Қазір құрылыс алаңында негізгі жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде 29 қондырғы мен технологиялық жабдық орнатылып, оларды өзара байланыстыратын инженерлік коммуникацияларды қосу жұмыстары жүргізілуде.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!