Қаракемерлік жасөспірімдер футболға белсенді қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Қазір Құсайын Молдасейіт атындағы спорт кешенінде жүзден астам бала футбол үйірмесіне қатысады.
Спорт кешені 2024 жылы пайдалануға берілген. Мұнда бокс, күрес, үстел теннисі, волейбол және футбол секциялары жұмыс істейді. Ал футбол үйірмесіне 6-14 жас аралығындағы ауыл балалары қатысады.
Жас футболшыларды 2023 жылдан бері жаттықтырушы Нұржан Мұхамеджан баптап келеді. Оның айтуынша, негізгі мақсат – қабілетті балаларды кәсіби спортқа бағыттап, спорт мектептері мен футбол академияларына жол ашу.
Негізгі мақсатымыз – балаларды академиялар мен спорт клубтарына дайындау. Жетінші-сегізінші сыныпқа келген кезде қабілеті жақсы балаларды академияларға жіберуге тырысамыз. Қазір ауылдан шыққан бір оқушым Талдықорғандағы «Жетісу» академиясында жаттығып жүр, – дейді Нұржан Мұхамеджан.
Жас спортшылар осы уақытқа дейін аудандық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген.
Балалардың футболға қызығушылығын ата-аналары да қолдайды. Қасым Телтаевтың екі ұлы спорт кешеніндегі футбол үйірмесіне қатысады.
Алты балам бар, соның ішінде екі ұлым футболға қатысады. Ата-ана ретінде футболға оң көзбен қараймыз. Өзіміз де бала кезімізден футбол ойнап өстік. Осы ауылдың ең кіші футболшысы мен болдым десем, артық айтқаным емес. Үлкен ағаларымызбен бірге талай жарысқа барып, кішкентай кезімде доп тептім. Өзім де футболды жақсы көремін, – дейді ол.
Ауылдағы спорт секцияларының көбеюі балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беріп отыр. Ал жас футболшылардың жарыстардағы тәжірибесі олардың кәсіби спортқа қадам басуына жол ашпақ.
Бүгінде Қаракемердегі өрендердің алды футбол академияларында жаттығып жүр. Бұл ауылдан болашақта ел футболының дамуына үлес қосатын кәсіби ойыншылар шығатынына үміт бар.

