29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Саяси науқанды өткізуге республикалық бюджеттен 35,8 миллиард теңге қарастырылған. Қаражаттың басым бөлігі кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таныстыруға бағытталмақ. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлім болды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Бөлінген қаржының көлемі үміткерлер сайланатын деңгейге қарай белгіленген. Облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 700 мың теңгеден қарастырылса, Астана мен облыстық маңызы бар қалалардағы үміткерлерге 650 мың теңге бөлінеді. Ал аудандық мәслихатқа ұсынылған кандидаттар 500 мың теңге көлемінде қаржы алады. Төлем мөлшерін есептеу кезінде бұқаралық ақпарат құралдарының қызмет құны мен инфляция деңгейі ескерілген.
Сайлау кезінде тұрғындарды ақпараттандыруға да басымдық берілмек. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, азаматтарға қажетті мәліметті жылдам жеткізу үшін Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, үш цифрлық қызмет әзірленген. Олар арқылы сайлаушылар дауыс беру учаскесін тауып, тіркеуге қатысты ақпарат алып, дауыс беру тәртібімен таныса алады. Бұған қоса, екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, азаматтардың телефондарына push-хабарландырулар жіберу жоспарланған.
– Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, сайлау учаскесін табуға, тіркелуге және дауыс беруге арналған үш қызмет әзірледік. Азаматтар қажетті ақпаратты оңай әрі жылдам алуы үшін push-хабарландырулар да іске қосылады. Бұл бағытта екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс істейміз. Арнайы мобильді қосымшаларда да тиісті хабарламалар көрсетіліп тұрады, – деді Ростислав Коняшкин.
Ал Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау бюллетеньдерін әзірлеу мен жеткізу кезінде заң талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бюллетеньдердің мазмұны мен нысаны заңнамаға сай болуы, кандидаттар мен партиялардың атаулары жеребе қорытындысына сәйкес орналастырылуы керек. Сондай-ақ оларды уақытылы басып шығару, өңірлерге жеткізу, сақтау және қорғау жұмыстары тиісті бақылауда болуы тиіс.
– Бюллетеньдердің нысаны мен мазмұны заң талаптарына сәйкес келуі қажет. Жеребе нәтижелерінің дұрыс қолданылуын, сондай-ақ бюллетеньдерді уақытылы әзірлеу, жеткізу, сақтау және қорғау тәртібінің сақталуын қадағалау маңызды. Әр өңірде партиялардың атаулары жеребе қорытындысына сәйкес орналастырылғанына ерекше мән берілуі керек, – деді Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы сайлауға ел бойынша 10 971 кандидат тіркелген. Нұрлан Әбдіров бір депутаттық мандатқа орта есеппен үш үміткерден келетінін айтты. Бұл жолғы науқанда 228 мәслихаттағы 3447 депутаттық орынға сайлау өтеді.
Ендігі кезекте кандидаттар мен саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өз бағдарламаларын халыққа таныстырады. Ал сайлаушылар ұсынылған бастамалармен танысып, таңдау жасау мүмкіндігіне ие болады.
Автор: Мәдина ОҚАС

