Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады. Кездесу барысында отын-энергетика кешенінің биылғы он айдағы жұмысы, жылыту маусымының барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Президентке еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы қалыпты өтіп жатқаны баяндалды. Электр станцияларын жөндеуге бөлінген қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Соның нәтижесінде негізгі жабдықтар мен желілер жаңартылып, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеген. Ал жағдайы күрделі «қызыл аймақтағы» станциялар саны бесеуге дейін қысқарды. Биылғы он айда электр энергиясын өндіру 2,3 пайызға артып, 102,4 миллиард киловатт-сағатқа жеткен.

Ерлан Ақкенженов мұнай өңдеу көлемі 4,7 пайызға өскенін, жанар-жағармай қоры 1,2 миллион тоннаға дейін көбейгенін жеткізді. Отандық кәсіпорындар өндірген 1,1 миллион тонна битум ішкі сұранысты толық өтеп отыр. Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын 12 миллион тоннаға дейін арттыру және Атырау облысында жаңа мұнай-химия кешенін салу жобалары қолға алынған.

Газдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін халықты газбен қамту деңгейін 64,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл шамамен 13,2 миллион азаматты көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қашаған мен Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүріп жатса, Қарашығанақ пен Қашағандағы екінші газ өңдеу зауыттарын салу жобалары бойынша EPC-келісімшарттар жасалған.

Министрлік Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеттерін орындау үшін еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауға кірісті. Бұл ретте энергияны көп қажет ететін деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект саласының сұранысы ескерілмек. Ал геологиялық барлауды жандандыру мақсатында 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылған. Бұл – осы бағыттағы рекордтық көрсеткіш.

Кездесу барысында Президентке отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық телнұсқаларын әзірлеу және 1,2 миллион тұтынушыға көмір жеткізу барысын бақылауға арналған бірыңғай платформаны енгізу жұмыстары да таныстырылды.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықты электр энергиясы және жылумен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жанар-жағармай мен көмір нарығындағы тұрақтылықты қатаң бақылауда ұстап, инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.