Үкіметте маусымаралық кезеңде жылыжай көкөністері, ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және бағаның өсуін тежеу шаралары қаралды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазан айында азық-түлік бағасының айлық өсімі 0,2 пайыз болса, жылдық инфляция 7,6 пайызға дейін төмендеген. Жиында қияр мен қызанақ бағасын тұрақтандыру үшін 40 ірі жылыжай шаруашылығымен келіссөз жүргізу мәселесі көтерілді. Оның ішінде 14 кәсіпорынды электр энергиясының көтерме нарығынан бөлшек тарифке көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар ет бағасын қолжетімді ету үшін өңірлерде «Соғым-FEST» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу тәжірибесін кеңейту көзделген. Бұл шара тұрғындарға етті делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді. Сүт өнімдерінің қымбаттауын тежеу үшін өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындары арасында бағаны тұрақтандыру жөніндегі меморандумдар жасасу ұсынылды. Кеңес қорытындысында жергілікті атқарушы органдарға баға мониторингін күшейтіп, жәрмеңкелерді көбейту және ішкі нарықты азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз ету тапсырылды.

