Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы орталық көшелерді абаттандыру және қайта құру жұмыстарының барысын тексерді. Жұмыс алаңдарындағы ретсіздік пен тұрғындарға келтірілген қолайсыздықтарға назар аударған өңір басшысы қала әкімдігі мен мердігерге бірқатар тапсырма берді, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба Абай даңғылының Дінмұхаммед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейінгі және Төле би даңғылының Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейінгі бөлігін қамтиды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталған. Нысан 2027 жылға өтпелі болғандықтан, жұмыстар бірнеше кезеңмен жүргізіледі.
Алғашқы кезеңде электр және интернет желілері тартылып, суару жүйесі мен су ағар науалары жаңартылады. Кейін жаяу жүргіншілер жолына тас төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен көше шамдары орнатылады. Аялдамалар да жаңартылмақ.
Жоба аясында 30 орындық, 30 қоқыс жәшігі және 700 арық науасын орнату жоспарланған. Сонымен қатар ағаштың үш түрі отырғызылып, көпжылдық шөп егіледі.
Алайда құрылыс барысындағы қолайсыздықтарға тұрғындар тарапынан шағым көбейген. Өңір басшысы олардың наразылығы орынды екенін айтып, қазылған аумақтарды уақытша ретке келтіруді талап етті.
Абаттандыру жұмыстары келер жылға өтпелі болғандықтан, қазылған жерлер құрылыс қайта жалғасқанға дейін уақытша реттелуі керек. Топырақ үйінділері мен құрылыс материалдары жиналып қалған. Бұл қала көркін бұзып қана қоймай, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді.
– Құрылыс кезінде де тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы халыққа тұрақты ақпарат берілсін. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайсыздық туғызу емес. Қаладағы әрбір өзгеріс халықтың игілігіне қызмет етуі керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ облыс әкімі жауын-шашын кезінде қазылған аумақтардың лай-батпаққа айналу қаупін ескертіп, қала басшылығы мен мердігер ұйымға жағдайды жедел реттеуді тапсырды.

