Қордайда ардагерлер ұйымдарының қатысуымен кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Аталмыш жиын барысында Ел Президентінің 2024 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауы мен Бурабайда өткен ІV Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен туындайтын тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Басқосуға облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркімбек Солтыбаев, облыстық журналистер одағының төрағасы, «Ғұмыр Дария» облыстық газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, төралқа мүшелері, ауылдық округтер бойынша төрағалар, Билер, Әкелер, Аналар кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары және ардагерлер қауымы қатысты.

Алдымен, аталмыш тақырып аясында атқарылған жұмыстар жайында Біржан Әлімбет баяндама жасады. Ол өз сөзінде қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген қарияларды атап өтіп, олардың көпке үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық спартакиадада жақсы өнер көрсеткен ардагерлерге де тоқталды. Біржан Әбдікерімұлы ел мен жер, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым, ынсап пен ысырап туралы әңгіме қозғап, ел ішінде іріткі салып, ауызбіршілік пен ынтымаққа кері әсерін тигізетін қоғамда қалыптасып отырған кейбір үрдістерге тосқауыл қою және халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу – қариялардың міндеті екенін атап өтті.

Екінші болып сөз алған Жаңабай Миллионов қазіргі таңда ардагерлер алдында тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Жарыссөзде Ауқатты ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбай Семжанов пен Масаншы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Малиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Содан кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Бейсембекұлы жалпы ардагерлер кеңестерінің жұмыстары жоғары деңгейде екенін, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту жұмыстары жұмыла жасалып жатқанын және олардың қатарында Қордай ауданының ардагерлері өте белсенді екенін атап өтті.

Аталмыш тақырып аясында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай мен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрдин Садықов сөз сөйлеп, қатысушылар ІV Ұлттық Құрылтайда айтылған елдік мәселелерге тоқталып, ардагерлер ұйымдарының осы бағыттар бойынша атқарып жатқан істерін атап өтті.