20 тамыз күні Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және БАҚ дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды “Taraz24news.kz” ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халықаралық заңгерлер қауымдастығы» ҚБ президенті Марат Башимов, Республикалық заң консультанттары палатасының төрағасы Серік Ақылбай, «Азаматтық альянс» ЗТБ атқарушы директоры Нұрас Ералы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан, «Абай» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, сондай-ақ медиа ұйымдардың жетекшілері мен редакторлары қатысты. Өңірлік БАҚ өкілдері жиынға онлайн форматта қосылды.
Дөңгелек үстел барысында БАҚ-тың конституциялық реформаны ілгерілетудегі рөлі, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қатысушылардың пікірінше, реформалардың мән-мағынасын кең аудиторияға жеткізуде және демократиялық процестерге деген сенімді нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдары негізгі құрал болып табылады.
«Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, дамыған елдерде құқықтық мәдениет мектептен бастап қалыптасады. Азаматтарға қолжетімді ақпараттық ресурстар, заңгерлік консультациялар, онлайн сервистер арқылы құқықтық қолдау көрсетіледі. БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның ұсынымдарында да халықтың құқықтық білімін арттыру тұрақты дамудың негізгі факторы ретінде белгіленген», – деді Бибігүл Жексенбай.
Ал Мәжіліс депутаты Марат Башимов: «Конституциялық реформа тек құқықтық жүйедегі өзгерістер ғана емес, сонымен бірге демократиялық құндылықтарды нығайту. Бұл ретте БАҚ қоғамға реформалардың мәнін түсіндіріп, оның нәтижелеріне деген сенімді қалыптастыруда ерекше рөл атқарады», – деп атап өтті.
Дөңгелек үстел «Бас редакторлар клубы» ҚБ мен Қазақстан Республикасы Конституциялық соты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар құқықтық мәдениетті дамыту және журналистердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында диалогты әрі қарай жалғастыруға уағдаласты.