Қордай ауданында тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы кері байланыс жүйелі түрде күшейіп келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру аясында аудан әкімі Бегзат Болатбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Қабылдау барысында ауданның 12 тұрғыны өздерін толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үймен қамту, жер телімдерін заңдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, ауылдық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жол сапасы, көшелерді жарықтандыру мен ауызсу мәселелері сөз болды.

Аудан әкімі әрбір өтініш назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, көтерілген мәселелер қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралатынын жеткізді. Сонымен қатар барлық тапсырмалардың орындалуы жеке бақылауында болатынын айтты.

Қабылдау қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына айтылған мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң аясында нақты шешу жөнінде тапсырмалар жүктелді.

Айта кетейік, Қордай ауданының әкімі тұрғындарды жеке қабылдауды алдын ала жазылу арқылы тұрақты негізде өткізіп келеді.