Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Ауқатты ауылдық округінің тұрғындарымен кезекті есептік жиын өткізді – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі. Жиынға аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков және сала басшылары қатысты.

Есептік жиында Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Иенберген өткен жылы округте атқарылған әлеуметтік-экономикалық жұмыстарға шолу жасады.

Ауылдық округ әкімінің мәліметінше, биылғы жылы белсенді тұрғындар тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен жалғыз басты қарттарға қайырымдылық көмек көрсетті.

Сонымен қатар, Ауқатты ауылында тұрғындарға арналған демалыс орны құрылыс жұмыстары басталды. Әкім арнайы жер телімі бөлінгенін, қоршау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

«Биыл демалыс орнын абаттандыруға қаражат қарастырылған. Жоспар бойынша жаяу жүргіншілер жолдары, жарықшамдар, орындықтар, бейнебақылау камералары орнатылады, сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі», – деді Алмас Иенберген.

Ауқатты ауылдық округінде Қызылсай ауылында ескі көпірді ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Қаржыландыру бөлінді, және ескі көпір қалпына келтірілді», – деді округ әкімі.

Сонымен қатар, ауылдағы тозығы жеткен электр бағаналары мен сымдары жаңартылды. «Қ.Молдажанов, Астана, Әулиешоқы, М.Әуезов, Рысқұлов көшелері және қиылысатын қосалқы көшелердегі электр желілері жаңартылып, қосымша 7 трансформатор орнатылды», – деп түйіндеді ол.

Бәйтерек ауылында тұрғындарды сапалы және таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған ауыз су желісі іске қосылды. «Бұл тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді округ әкімдігі.

Жиын барысында аудан әкімі Бегзат Болатбеков пен прокурор Қайыржан Қуатбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесу тұрғындардың құқықтық тәртіп, әлеуметтік жағдай және өзге де маңызды сұрақтарына жауап беруге бағытталды.

Тұрғындар жеке қабылдау кезінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер бойынша да сұрақтар қойды. Аудан әкімі әрбір өтінішке жеке көңіл бөліп, тиісті органдармен шешімін қарастыруға уәде берді.

Аудан прокуроры Қайыржан Еркінбекұлы тұрғындардың құқықтық мәселелерін тыңдап, заң шеңберінде шешімдер ұсынды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайды жақсарту және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де талқыланды.

Жиын барысында алынған ұсыныстар аудан әкімінің жоспарына енгізіліп, алдағы уақытта шешім қабылдануы қарастырылды. Мұндай шаралар аудан билігінің тұрғындармен өзара байланысын нығайтып отырғанының айқын көрінісі болып табылады.