Автокөлік өрттері, басқа да өрттер сияқты, кейбір кездейсоқ жағдайлардың (мысалы, отынмен жабдықтау жүйесінің немесе борттық электр жүйесінің ақауы) салдарынан туындауы мүмкін немесе көлік құралын әдейі жою мақсатында жасалған қасақана әрекеттер нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Автокөлік құралдарының өртке орануы әртүрлі жағдайларда орын алуы мүмкін: жол-көлік оқиғасы кезінде, көлік қозғалысы барысында, қысқа уақытқа  тоқтау кезінде, сондай-ақ ашық автотұрақта немесе гаражда ұзақ уақыт тұрған кезде. Аталған айырмашылықтар өрттің шығу себебі, оның таралу динамикасы мен салдарына да тікелей әсер етеді.

Кордай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жыл сайын автокөліктерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп келе жатқанына қарамастан, көлік санының артуына байланысты автокөліктердің жану жағдайлары да көбейіп келеді. Бұл жағдайлар көбіне көлік қозғалысы кезінде де, тұрақта тұрған кезде де тіркелуде.

Өрттердің басым бөлігі жеке меншіктегі автокөліктерге тиесілі.

Құрметті автокөлік жүргізушілері!
Өрттердің алдын алу және автокөліктердің өртке қарсы жағдайын жақсарту мақсатында техникалық байқаудан өткізу кезінде келесі мәселелерге ерекше назар аударуыңызды ұсынамыз:

отынмен жабдықтау жүйесінің қосылыстарының герметикалығы;

электр сымдарының кузов элементтері мен аспаптар тақтасына сенімді бекітілуі;

қосымша электр жабдықтарының (электронды тұтану блогы, тұманға қарсы шамдар, қосымша дыбыстық сигналдар және т.б.) дұрыс орнатылуы;

жарамды өрт сөндіргіштің болуы.

Естеріңізге саламыз, гараждар мен көлік тұрағы нысандарында мына әрекеттерге жол берілмейді:

отын багы, отын құбырлары, карбюраторлар ақаулы немесе электрмен жабдықтау жүйесі ажыратылмаған күйде көлікті қою;

электр сымдарын дәнекелемей немесе сығымдамай жалғау;

көлікті нормадан артық мөлшерде бояу, жанармай құю немесе құрылғылар орнату;

бөлшектерді жанғыш және тез тұтанатын сұйықтықтармен жуу;

ашық от көзін пайдалана отырып жөндеу жұмыстарын жүргізу.

Сондай-ақ, автокөлікке қатысты өзекті мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғалары (ЖКО). Өкінішке орай, ағымдағы жылдың басынан бері ауданымызда орын алған жол апаттары мен олардың салдарынан зардап шеккен азаматтар саны алаңдаушылық туғызуда.

А. ӘБІШ  Кордай ауданы ТЖБ бас маманы,
азаматтық қорғау майоры