Қордай ауданында мобильді топ мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті. Іс-шара Қордай аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Д. Сүгірбайдың төрағалығымен ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі
Семинар барысында FSM Social цифрлық платформасы арқылы жұмыс жүргізу тәртібі мен негізгі бағыттары түсіндірілді. Қатысушылар жүйені қолдану ерекшеліктері мен практикалық мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Оқыту жұмысына «Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына» қарасты «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Мырза-Ғали Эльмира Иниятқызы қатысып, тәжірибелік семинар өткізді.
Атап өту керек, «Аяла» отбасын қолдау орталығы Неке және отбасы кодексі аясында, 2025 жылғы 10 қыркүйектегі аудан әкімдігінің №303 қаулысына сәйкес құрылған. Орталықтың негізгі қызметі – отбасын сақтау, жанжалдардың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету.
Сонымен қатар мекеме тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және мемлекеттік отбасы саясатын түсіндіру бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізеді.
Қордай ауданы әкімінің 2025 жылғы 21 қарашадағы №77 өкіміне сәйкес мобильді топ құрылып, оның құрамына 542 маман енгізілген. Қазіргі таңда мобильді топ мүшелері FSM Social цифрлық платформасы арқылы жүйелі жұмыс жүргізуде.

