БІР ЖЫЛДА 200-ДЕН АСТАМ ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен қамту, энергия тапшылығын төмендету, өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылыммен орташа қамтылу деңгейі 53%, индустриялық аймақтарда 48% шамасында. Осыған байланысты Үкімет бұл аумақтарды жедел дамытуға бағытталған шешімдер қабылдап жатыр.
АЭА мен ИА-ны толық қамтамасыз ету үшін қажетті тетіктер бекітілген. Алдағы үш жылда Ислам даму банкінің қаражаты есебінен жаңа өндірістерге инфрақұрылым тартуға 1 трлн теңге инвестиция жұмсау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар биыл 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері пайдалануға беріледі. Бұл келесі жылдың бірінші тоқсанында энергия тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазір электр қуатының жетіспеушілігі ең жоғары жүктеме уақытында импорт арқылы жабылады. Өткен жылы тапшылық 29%-ға қысқарғанымен, мәселе толық шешілген жоқ.
Жаңа тарифтік саясат реттелетін қызметтер саласында нарықтық жағдайды қалпына келтіруге бағытталған. Болжамды тарифтер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жеке инвестиция тартуға жол ашты. Өткен жылы энергетикаға 655 млрд теңге құйылса, биыл шамамен 900 млрд теңге деңгейінде болады деп күтіледі.
2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа артады. 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Оның ішінде атом және таза көмір генерациясын дамытуға басымдық беріледі.
Үкімет басшысы көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту шараларына да тоқталды. Биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысы мен 2,9 мың шақырым жолды жаңарту аяқталады. Бұл транзиттік тасымалды 60%-ға ұлғайтуға, контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Қытай шекарасынан Каспийге дейінгі жүк жеткізу мерзімі жыл соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа қысқарады. Сонымен бірге 11 мың шақырым автожол салу және реконструкциялау жоспарланған.
Транзиттік әлеуеттің өсуіне кедергі келтіретін факторлардың бірі – теміржол инфрақұрылымының тозуы. Магистральдық желіні жаңғырту Үкіметтің бақылауында.
Авиация саласын дамытуға да назар аударылды. Биыл Астанада екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл бірінші жолақты жаңғыртуға мүмкіндік береді және әуежайдың өткізу қабілеті 40 млн жолаушыға дейін артады. Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу шілде айында аяқталады. Нәтижесінде өткізу мүмкіндігі 14 млн-нан 19 млн жолаушыға дейін көбейеді. Ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары басталады.
Авиаотынның нарықтық бағасын қалыптастыруға жағдай жасалды. Соның нәтижесінде баға $1,2 мыңнан шамамен $950-ге дейін төмендеді. Бұл шетелдік әуе компаниялары үшін елдің әуе кеңістігінің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Тікелей шетелдік инвестициялар тоғыз айда $1,5 млрд-қа өсіп, $14,9 млрд болды. Портфельдік инвестициялар мен несиелерді қоса есептегенде, экономикаға тартылған қаражат көлемі $58 млрд-тан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға ұлғайып, 22,7 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік салымдар 5 трлн теңгеге дейін, жекеменшік инвестициялар 17,7 трлн теңгеге дейін артқан.
Инвестициялық штаб аясында биыл жалпы құны $115 млрд болатын 212 жоба бойынша мәселелер шешілген.
Инвесторларды тарту жүйесі жетілдіріліп жатыр. Жобалар «жасыл дәліз» қағидасы бойынша бастапқы кезеңнен құрылыс аяқталғанға дейін сүйемелденеді. Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға берілді. «Бәйтерек» холдингі маңызды жобаларға мүдделі инвесторларды іздеуді бастады. Сондай-ақ инвестициялық әлеуеті жоғары елдерде Kazakh Invest өкілдіктерін ашу жоспарланған.
Алатау Сити жаңа инвестициялық орталық ретінде қарастырылып отыр. Конституциялық заң жобасында ерекше құқықтық режим мен заманауи басқару нормалары енгізіледі.
Премьер-министр өңдеу өнеркәсібін ынталандыру шараларына тоқталды. Қазіргі өсім қарқыны экономиканы әртараптандыру үшін жеткіліксіз екені айтылды. Осы бағытта кәсіпорындарды қолдауға арналған жобалар жүзеге асырылады.
«Бәйтерек» холдингі арқылы металлургия, машина жасау және агроөнеркәсіп салаларында жоғары өңделген өнім шығаратын бастамалар қаржыландырылып жатыр.
Салалық министрліктерге өндірістерді терең өңдеуге бағыттау міндеті қойылған. Өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды. Тағы осындай көлемдегі жобалардың құрылысы аяқталуға жақын.
Өңдеу секторына инвестицияның тұрақты келуі үшін шикізат базасын кеңейту маңызды. Осы мақсатта геологиялық барлау жұмыстарына басымдық берілуде. 2025 жылы 1:50 000 масштабтағы жаңа геологиялық картаны әзірлеу басталды. Ол бұрын қолданылып келген 1:200 000 масштабтағы картаның орнына пайдаланылады.
Алдағы үш жылда мемлекет бұл салаға шамамен $500 млн бағыттайды. Нәтижесінде перспективалы аумақтарда 100 мың шаршы шақырым жер зерттеледі. Кейін жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырымда барлау жүргізу жоспарланған.
Мемлекеттік қаржымен қатар жеке инвестициялар да тартылып жатыр. 2023 жылдан бері геологиялық барлауға салынған жеке қаражат көлемі $500 млн-нан асты.

