Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық Кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 11-ші отырысында бұрын қосымша пысықтауға жолданған мәселелер қаралды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Бірінші мәселе «Электр қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ пен «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС үшін электронды шот-фактураны жазып беру мерзімін қайта қарау болды. Бұған дейін бұл мәселе жобалық кеңсенің 9-шы отырысында қаралып, қосымша талдау қажет екені шешілген еді.

Мерзімдерді өзгерту қажеттілігі электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының ерекшеліктерімен байланысты: тұтыну дерегі мен есептік көрсеткіш есептік айдан кейінгі айдың 20-сынан соң ғана қолжетімді болады. Осыған байланысты нарық қатысушылары құжаттарды алдын ала ұсынуға мәжбүр болып, кейін нақты мәні белгілі болған соң түзетуге тура келеді.

2026 жылдан бастап түзетілген электронды шот-фактураны алушы тарап міндетті түрде растауы тиіс болғандықтан, бұрынғы мерзім құжаттарды дұрыс рәсімдеуге тәуекел тудырған. Осыны ескере отырып, шот-фактураны жазып беру мерзімін салалық ерекшелікке қарай өзгерту ұсынылды.

Талқылау нәтижесінде нарық операторы мен Бірыңғай сатып алушы үшін шот-фактураларды жазып берудің жаңа мерзімі есептік айдан кейінгі айдың 27-сіне дейін белгіленді. Бұл өзгеріс Салық Кодексіне ретроспективті түрде енгізіліп, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

Сонымен қатар, отырыста тау-кен-металлургия секторында салық нормаларын, атап айтқанда кокстелетін көмірге пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты (ПҚӨС) қолдану мәселесі қаралды. Мәселенің күрделілігін ескере отырып, оны толық зерделеу және шешім қабылдау үшін қарауды тағы бір айға ұзарту шешілді.