Қордай ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессия жұмысына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА-ның XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын өңірлік деңгейде жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысушыларды ҚХА-ның Қордай ауданындағы сессиясының ашылуымен құттықтап, Қазақстандағы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– 158 мыңнан астам тұрғыны бар Қордай ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл өңірде ҚХА құрылуы – ел бірлігі мен тұрақтылығын арттыру жолындағы маңызды қадам, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ ол ұлттық бірлікті сақтау, әр этностың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау – барша азаматтардың ортақ міндеті екенін жеткізді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бұл тек мерейтойлық дата ғана емес, бейбітшілік пен келісімнің, татулық пен тұрақтылықтың жылнамасы. Осы уақыт ішінде Ассамблея азаматтық қоғамды дамытуға да елеулі үлес қосты, – деді Ербол Қарашөкеев.
Сессия аясында аудандағы этномәдени бірлестіктердің жұмысы да сөз болды. Облыс әкімі биыл қордайлық 8 этномәдени бірлестіктің бастамасымен 22,2 миллион теңгеге қайырымдылық көмегі көрсетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қордай ауданында Достық үйін салу бойынша жұмыстар басталғанын айтты. Бұл нысан этносаралық татулықтың символына айналмақ.
– Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа бірлігі бекем ел, бейбіт қоғам мен дамыған мемлекет мұра ету, – деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.
Сессияда Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай аудандық этномәдени бірлестіктердің қызметі жөнінде баяндама жасады. Ал «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова «Бірлік пен татулық – достықтың кепілі» тақырыбында сөз сөйледі.
Кездесу соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ақ батасын беріп, облыс әкімі қатысушылармен естелік суретке түсті.