«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында аудан әкімі Бегзат Болатбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.

Мемлекет пен азаматтар арасындағы тұрақты диалог – қоғам дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырудың басты тетігі. Билік пен халық арасындағы өзара сенім – ел тұрақтылығының кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл тұжырымдама – жергілікті деңгейде де нақты іске асуда.

Қабылдау барысында аудан әкімі сегіз тұрғынның өтінішін тыңдап, мәселелерінің мән-жайына қанықты. Тиісті бөлім басшылары, мекеме өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысқан қабылдау кезінде тұрғындардың сұрақтары тікелей жауапсыз қалмады.

Азаматтардың көпшілігі тұрғын үй мәселесін көтерсе, кейбірі әлеуметтік көмек, бала денсаулығына байланысты ем-домға жәрдем сұрады. Әкім тарапынан әрбір мәселе жеке қарастырылып, шешу жолдары нақты айтылды. Қажетті сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Бұл шара – жергілікті билік жұмысының ашықтығын, тұрғындар мүддесіне бағытталғанын және азаматтық үнге бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Айта кету керек, бұл – аудан әкімінің алғашқы қабылдауы емес. Бұған дейін де азаматтармен кездесу барысында айтылған ұсыныстар ескеріліп, бірқатар мәселе өз шешімін тапқан болатын.