Қордай ауданының ірі елді мекендерінің бірі саналатын Масаншы ауылдық округінде 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жұмыстар жүзеге асырылды. Бұл жөнінде ауылдық округтің әкімі Хусейн Буларов Қордай аудандық баспасөз орталығында өткен брифинг барысында баяндады,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.

Ауыл әкімінің айтуынша, ауылдық округтің жалпы аумағы 41 519 гектарды құрайды. Жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне кезекте тұрған азаматтар саны 1 704 адамға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өңірде тұрғын үйге деген жоғары сұранысты көрсетеді.

Ауылдық округтің жалпы халық саны 21 053 адамды құрайды. Оның ішінде Масаншы ауылында – 19 832, Күнбатыс-1 ауылында – 352, Күнбатыс-2 ауылында – 869 тұрғын бар. 2025 жылдың алғашқы алты айында округте 276 сәби дүниеге келген. Экономикалық белсенді халық саны 11 233 адамды құрап отыр.

Білім беру саласы да тұрақты даму үстінде. Қазіргі таңда округ аумағында 5 мектеп, 2 балабақша және 1 кешкі мектеп жұмыс істейді. 4 209 оқушы білім алуда, оларға 442 педагог сабақ береді. Сонымен қатар, 2 балабақшада 420 бала тәрбиеленуде, 667 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Бастауыш сынып оқушылары тасымалдаумен қамтамасыз етілген.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Масаншы ауылында 15 орындық стационар мен 35 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Мұнда 69 медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарында фельдшерлік-амбулаториялық пункттер жұмыс істейді.

Көктемгі санитарлық және абаттандыру жұмыстары аясында ағаштар әктеліп, қурағандары кесілген. 2 заңсыз қоқыс орны жойылып, тазалық талаптарын бұзған 2 азаматқа айыппұл, 22 тұрғынға ескерту берілген.

Газбен қамту деңгейі де айтарлықтай жоғары. Масаншы ауылында бұл көрсеткіш 90%, Күнбатыс-1 ауылында 100%, ал Күнбатыс-2 ауылында 96% деңгейінде. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға елеулі ықпал етіп отыр.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау саласында да нақты жұмыстар атқарылған. Қоғамдық жұмыстарға экологиялық бағытта 20 адам тартылған. Әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны – 11. Сонымен қатар, жастар ұйымдарының демеушілігімен мектеп оқушыларына арналған 2 автобус сатып алынған. Қайырымдылық көмектің жалпы құны 25 млн теңгені құраған.

Салықтық түсімдер бойынша да оң динамика байқалады. Атап айтқанда:

  • Мүлік салығы – 140%,
  • Көлік салығы – 418%,
  • Жеке табыс салығы – 160%,
  • Жалпы салық түсімдері – 300% деңгейінде орындалған.

Баспасөз жиыны барысында ауыл әкімі тұрғындар мен журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тікелей эфир арқылы жауап берді.

Осылайша, 2025 жылдың алғашқы жартысында Масаншы ауылдық округінде бірқатар маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіліп, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.