Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда сумо күресінен жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті. – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент спортшыны өткен жылы Император кубогында «маэгашира» дәрежесіне қол жеткізіп, жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» арнайы сыйлығын иеленуімен құттықтады. Аталған атақ сумо балуандары арасындағы ең жоғары деңгей саналады.
Мемлекет басшысы бұл жетістіктер табандылық пен жүйелі еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар шетелде ел намысын қорғап жүрген жастар саны артып келе жатқанын айтып, мемлекет тарапынан дарынды спортшыларды қолдау жалғасатынын жеткізді.
Президент Жапонияға сапары кезінде Ерсін Балтағұлдың жергілікті жұртшылық арасында кеңінен танымал екенін байқағанын айтты. Оның айтуынша, шетелде жүріп елдің абыройын арттыру – үлкен жауапкершілік.
Өз кезегінде Ерсін Балтағұл қабылдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта қазақстандық жас спортшылармен кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған отандасымыз Михаил Шайдоровтың табысын атап өтіп, Мемлекет басшысы мен қазақстандықтарды құттықтады.
Кездесу соңында Президент балуанға алдағы халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.
Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысы Ерсін Балтағұлды спорт саласындағы айрықша еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
