Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясы мен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Құжат мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық әрі тең дәрежеде іске асыруға, сондай-ақ олардың сайлау процесіне кедергісіз қатысуына жағдай жасауға бағытталған.
Келісімге Қордай ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Сырлыбаев пен аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Елеусізова қол қойды.
Ынтымақтастық Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мен уәкілетті министрлік бекіткен Жол картасы аясында қабылданған аудандық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
Келісім шеңберінде тараптар мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарына қатысты өзекті мәселелер бойынша ақпарат алмасуды, бірлескен кездесулер мен кеңестер өткізуді, сондай-ақ өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған шараларды іске асыруды көздеп отыр.

