Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының көлік-транзиттік әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Кеңес барысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Негізгі назар инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық жүйелерді енгізу және тасымал саласының экономикалық үлесін арттыруға аударылды.

Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы көлік және қоймалау секторының жалпы көлемі 12,2 трлн теңгеге жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында сала өсімі 12,8 пайызды құрады. Өткен жылы ел ішінде 353 млн тонна жүк автокөлікпен тасымалданған.

Сондай-ақ бірқатар ірі жол жобалары аяқталса, қазіргі уақытта жаңа транзиттік бағыттарда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. ЕАЭО шекараларындағы өткізу бекеттерін жаңарту да кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Теміржол саласында да өсім бар: 2025 жылы транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетіп, 20 пайызға артқан. Биылғы үш айда тағы 14 пайыз өсім тіркелген. Дегенмен бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың іске асу қарқыны сынға алынды.

Әсіресе «Бақты – Аягөз» теміржол желісіндегі жұмыстардың баяулығы атап өтіліп, ресурстарды тиімді жұмылдыру тапсырылды.

Теңіз тасымалы бойынша Ақтау және Құрық порттарын дамыту, сондай-ақ «Ақтау – Баку» бағытына арналған контейнерлік кемелерді сатып алу ісін жеделдету қажеттігі айтылды.

Азаматтық авиация саласында да өсім байқалады: 2025 жылы 20,8 млн жолаушы тасымалданған. Әуежайларды жаңғырту және жаңа халықаралық бағыттарды ашу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге көлік саласын цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Электронды рұқсат жүйелері енгізіліп, халықаралық тасымал рәсімдері біртіндеп жеңілдетілуде.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр барлық жобаларды жеделдетіп, нақты нәтиже көрсетуді тапсырды.