Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк тобы өкілдерімен кездесіп, 2026–2031 жылдарға арналған әріптестіктің жаңа негіздемелік стратегиясын талқылады. – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесуді ашқан вице-премьер құжаттың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған стратегия сараптамалық қолдау, қаржыландыру және бірлескен бастамалар арқылы реформаларды жүзеге асыруға негіз болады.

Жаңа стратегия жобасында көлік және цифрлық байланысты дамыту, су және энергетика салаларындағы қызмет сапасын арттыру, қаржы нарығын жетілдіру, жеке инвестицияны ынталандыру, климаттық саясатты күшейту және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану бағыттары қамтылған. Бұл басымдықтар елдің әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына сәйкес келеді.

Тараптар Дүниежүзілік банктің алдағы алты жыл ішінде жыл сайын 1 млрд долларға дейін қаржыландыруға дайын екенін мәлімдеді. Вице-премьердің сөзінше, бұл жеке секторды қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Реформаларды талдамалық сүйемелдеу Үкімет пен Дүниежүзілік банктің бірлескен Экономикалық зерттеу бағдарламасы аясында жалғасады.

Кездесу барысында 2020–2025 жылдарға арналған алдыңғы стратегияның іске асырылу нәтижелері қаралды. Осы кезеңде жалпы сомасы 4,2 млрд доллар болатын 14 жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін дамыту, «Алматы – Қорғас» автожолын қайта жаңарту, ирригациялық және дренаж жүйелерін жаңғырту жобалары бар.

Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түркіменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев өткен кезең сыртқы сын-қатерлермен, оның ішінде пандемиямен тұспа-тұс келгенін айтты. Соған қарамастан, тараптардың бірлескен жұмысы бастамаларды іске асыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген.

Оның мәліметінше, «Шығыс – Батыс» және «Оңтүстік – Батыс» жобалары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін дамытуға ықпал еткен. Нәтижесінде 5 миллионнан астам адам үшін көлік қолжетімділігі жақсарған. Жол жүру уақыты үштен екіге қысқарып, қозғалыс жылдамдығы үш есе артқан. Көлік шығындары 35 пайызға төмендеген. 1 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 93 пайызы өмір сүру сапасының жақсарғанын көрсеткен.

Шағын және орта бизнесті қолдау аясында мыңнан астам кәсіпорынға гранттық және консультациялық көмек берілген. 175 стартап 41 млн доллар көлемінде сатылым жасап, 16 млн доллар инвестиция тартқан.

Ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жобасы 92 мың гектар аумақта су пайдалану тиімділігін арттырды. 60 мың фермерді қоса алғанда, 94 мың су пайдаланушының жағдайы жақсарған. 763 шақырым канал жөнделіп, бұл өнімділіктің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер еткен. Сонымен қатар аграрлық саладағы субсидиялау жүйесін реформалауға талдамалық қолдау көрсетілген.

International Finance Corporation өкілдері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультациялық қолдау және жеке инвесторларды қаржыландыру бағытындағы жұмысты жалғастыру жоспарын таныстырды. Мысал ретінде Қазақстан темір жолы қатысуымен Алматы айналма теміржолын қаржыландыру жобасы аталды.

Алдағы кезеңдегі басымдықтар қатарында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, қаржы институттары арқылы шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу мен астықты терең өңдеу жобаларын қаржыландыру мәселелері бар.

Кездесу қорытындысында тараптар айтылған ұсыныстарды ескере отырып, стратегия жобасын пысықтап, оны Дүниежүзілік банктің Директорлар кеңесінің қарауына енгізуге келісті.