Қордай ауданына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов Қайнар ауылдық округінде жүзеге асып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобамен танысты. Аталған жоба 3800 гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Инфрақұрылымдық бастама аясында қысымды су құбыры жүргізіледі. Жобаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттерден 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстары «ТаразСтрой2004» ЖШС-іне жүктелген.

Вице-министрмен бірге нысан басында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков те болды. Қазіргі таңда мердігер мекеме 8 шақырымға жуық жер асты қысымды құбыр желісін төсеуді аяқтаған. Жоспарға сәйкес, су егістік алқаптарға үш қуатты насос арқылы жеткізілмек. Ал төртінші насос – резерв ретінде қарастырылған.

Сала мамандарының айтуынша, құбырлардың жер астымен жүргізілуі судың алқаптарға үнемді әрі жедел жеткізілуін қамтамасыз етеді. Бұл – өңірдің су тапшылығы мәселесін жүйелі шешуге ықпал ететін маңызды қадам.

Құрылыс алаңында мердігер компания мен жауапты мамандармен өткен кездесуде Ерболат Мақсұтханұлы жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, бөлінген бюджет қаражатын тиімді және мақсатты пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Вице-министр жобаның ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері үшін стратегиялық маңызына назар аударып, барлық жұмыстардың үйлесімді атқарылуын тапсырды.

Өз кезегінде Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков бұл бастаманың өңір үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, құрылыс барысы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында екенін жеткізді. Сондай-ақ, атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындар атынан ризашылық білдірді. Сапар соңында Ерболат Ибрайханов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс сапасына қатысты бірқатар ұсыныс пен ескерту айтты