Қордай ауданында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру және өткізу жұмыстары басталды. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз алаңында өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Әкімнің айтуынша, санақ еліміздің аграрлық секторындағы ахуалды нақты бағалап, ауыл шаруашылығы саласын тиімді жоспарлау үшін жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, науқан 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін жалғасады.
Санақ екі кезеңнен тұрады:
- 1–31 тамыз – онлайн-сауалнама кезеңі (sanaq.gov.kz сайты арқылы);
- 20 қыркүйек – 20 қазан – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын аралап сауалнама жүргізу кезеңі.
Қордай ауданында қазіргі таңда 26 093 үй шаруашылығы мен 3 482 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Оның ішінде 104 ауыл шаруашылығы кәсіпорны және 3 378 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтары бар. Негізгі кезеңде 12 нұсқаушы мен 54 интервьюер планшет арқылы сауалнама жүргізеді. Әр интервьюер орта есеппен 540 үй шаруашылығын аралайды.
Санақтың тиімді өтуі үшін барлық 19 ауылдық округте түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, баннерлер орнатылды. Қордай ауылындағы орталық саябақта LED экран арқылы ақпарат таратылып, арнайы қызмет көрсету орындары ашылды.
«Ауыл шаруашылығы санағы – жай ғана статистикалық шара емес. Ол азық-түлік қауіпсіздігі, шаруаларды қолдау және ауылдық өңірлердің дамуын жоспарлауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан баршаңызды белсенді қатысуға шақырамын», – деді аудан әкімі.