Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков «AMANAT» партиясының аудандық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында 11 азамат өз өтініштерін білдіріп, көтерілген мәселелердің оң шешілуіне қолдау көрсетуін сұрады, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Азаматтар көтерген мәселелердің басым бөлігі жер қатынастарына қатысты болды. Сонымен қатар инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік қолдауға байланысты сұрақтар да талқыланды.
Мәселен, Қарасай ауылының тұрғыны ауыл шаруашылығы мақсатында жайылымдық жер сұрады. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жерлер конкурс негізінде ғана берілетіні түсіндірілді. Қазіргі уақытта жайылым тапшылығына байланысты бұл жерлер ауыл тұрғындарына ортақ пайдалануға ұсынылып отыр.
Қордай ауылының тұрғыны зағип жандарға арналған арнайы жабдықталған кеңсе ашу туралы ұсыныс білдірсе, Әлжан ана ауылының тұрғыны тұрғын үй алу және атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу мәселесін көтерді.
Сондай-ақ, бір тұрғын Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің орналасқан ғимаратын жөндеу қажеттігін айтты. Бұрынғы аудандық полиция бөлімінің ғимараты қазір күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталған нысанды тиімді пайдалану үшін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінуі сұралды.
Қордай ауданының әкімі әрбір азаматтың өтінішін жеке тыңдап, заң аясында нақты жауаптар берді. Бірқатар мәселелер бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне тапсырмалар жүктелді.