Қордайда атқарылып жатқан жұмыс көп. Алты айдың нәтижесі бойынша ауданда кіріс көлемі 3,1 млрд-ты құраған. Ал меншікті кірістер 1,1 млн теңгеге артқан. Бұл туралы жарты жылдықты қорытындылаған әкімнің орынбасары Дамира Сүгірбай мәлімдеді. Сондай-ақ ол атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға да тоқталды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Дамира Маратқызының мәліметінше, аудандағы 41 елді мекеннің 36-сы газбен қамтылған. Керу ауылына жақын арада көгілдір отын жеткізілсе, Бел, Мұзбел, Аңырақай және Бәйтерек ауылдарына газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, тиісті өтінімдер тапсырылған. Сонымен қатар, Гвардейск қалашығында қазандық салу, жылу, су және газ жүйелерін жаңарту, сондай-ақ көпір мен кәріз желілерін жөндеу бойынша инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. Ауыз сумен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған: 10 ауылға арналған жобалық құжаттар әзірленіп жатыр.
Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы бойынша биыл 11 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделсе, қазіргі таңда оның 893,9 гектары қайтарылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 12 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Қақпатас ауылында мәдениет үйі, Үлкен Сұлутөрде спорт кешені, ал Сортөбеде емхана салынып жатыр. Сонымен қатар, ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Өздеріңізге белгілі, ағымдағы жылы Қордай ауылында 144 пәтердің кілті тапсырылған болатын. Сонымен қатар, прокуратурамен қайтарылған активтер есебінен құрылысы жүргізілген Үлкен Сұлутөр ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сол сияқты Сарыбұлақ, Еңбек, Бәйтерек ауылдарында жаңа су құбыры қолданысқа берілді, – деді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы Қордай ауданында 2019 жылы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық негізде басталып, кейін Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде іске асырылды. Бүгінде жоба аясында 3,1 млрд теңгеге 6016 бас мүйізді ірі қара, 10 879 бас қой, 405 бас жылқы сатып алынып, 4 кооператив 25 техникамен жабдықталды, 690 тұрғын жеке кәсібін бастады. 2025 жылға жобаның 5-бағыты бойынша 1,2 млрд теңгеге 56 жаңа жоба әзірленіп, ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылған.