Жамбыл облысының Қордай ауданында екі күнге созылған «Әйелдердің көшбасшылығы» атты семинар өз мәресіне жетті. Шара нәзік жандылардың қоғамдық белсенділігін арттырып, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталды.-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.

Аталған жоба алғаш рет Тараз қаласында бастау алып, бүгінде облыстың өзге де аудандарына таралуда. Қордайдан кейін жоба бірнеше аудан мен елді мекенде жалғасын таппақ.

Семинардың алғашқы күні қатысушылар өмірлік миссияны анықтау, эмоциялық интеллектті дамыту, отбасы құндылықтары мен азаматтық көшбасшылық тақырыптарында тренингтер мен дәрістерге қатысты. Жетекші спикерлер қатарында кәсіби тренер Гүлжан Ибраимова мен Мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Тәттігүл Орынтай болды.

Екінші күні саясаттағы әйелдердің рөлі мен көшбасшылық әлеуеті кеңінен талқыланды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Спикерлер қатарында Рахия Тұрмаханбетова, Дамеш Үскембаева және Әмина Қайназарова сынды қоғам белсенділері сөз сөйледі.

Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, болашақта мұндай кездесулердің жиі ұйымдастырылуы қажеттігі айтылды.

Бұл бастама – әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына, өзін-өзі дамытуына үлкен серпін берген маңызды жобалар қатарында.