Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында орналасқан «Шоқпар-Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Аталған жоба – Жамбыл облысының ғана емес, жалпы өңір экономикасының дамуына серпін беретін маңызды өндірістік нысан болмақ. «Гагаринское» кен орнында салынып жатқан байыту комбинаты алтын өндіруге бағытталған. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға дейін руда өндіруге есептелген.
Қазіргі уақытта ұзындығы 44 шақырым болатын уақытша электр желісі тартылып, геологиялық барлау және құрылыс жұмыстары басталған. Инвестициялар кезең-кезеңімен тартылуда. Комбинат құрылысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, 2027 жылдың бірінші тоқсанында толық қуатында іске қосылмақ.
Жоба жүзеге асқанда 400-500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков өндіріс алаңындағы жұмыстарды оң бағалап, әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.