Қордай аудандық ардагерлер кеңесі 2025 жылдың қорытындысына арналған кеңес отырысын өткізді. Жиында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар қаралып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігіҮ
Кеңес барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Әкелер кеңесінің төрағасы Дүкенбай Сегізбаев және «Аналар алқасы» кеңесінің төрайымы Роза Қағазбай есепті баяндамалар жасап, негізгі бағыттар бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
Отырыста Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысып, ардагерлер ұйымдарының қоғамдық өмірдегі белсенділігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Жарыссөз барысында ардагерлер Аманқан Рысымбетов пен Күміскүл Сарсенбаева кеңес қызметіне қатысты пікір білдіріп, жұмыстың тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары да кеңес жұмысына оң бағасын берді.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесі, Аналар, Әкелер және Билер кеңестерінің жұмыс жоспарлары мен құрамдары бекітілді. Сонымен қатар рейтингтік бағалау нәтижелері қаралып, бірқатар көрсеткіштер ескерілді. Олардың қатарында бастауыш кеңес төрағаларының жұмысы, қоғамдық іс-шараларға қатысуы, ақпаратты уақытылы ұсынуы, есеп беру жиналыстарын ұйымдастыруы, байқауларға қатысуы және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар қамтылды.
Арнайы рейтинг қорытындысы бойынша үздік ұйымдар анықталды. І орын Степной ауылдық округінің ардагерлер кеңесіне берілді. ІІ орын Ауқатты және Масаншы ауылдық округтерінің ардагерлер кеңестеріне табысталды. ІІІ орын Қаракемер, Сортөбе және Бетқайнар ауылдық округтерінің ардагерлер кеңестеріне бұйырды.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

