Қордай ауданында Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Сахатовтың төрағалығымен, аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жетігеновтің қатысуымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі, кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Көшпелі жиынға комиссия мүшелерімен бірге мектеп және колледж директорлары, денсаулық сақтау мекемелерінің дәрігерлері, ауылдық округ әкімдері және аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлары қатысты.

Бірінші кезекте білім бөлімі басшысы С.Әшірбеков өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Ал аудандық полиция өкілі Н.Жалжанов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы әлеуметтік бақылау жүйесін күшейту қажеттігін айтты.

Күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе – жасөспірімдерді ерте жүктіліктен сақтау және медициналық ағарту жұмыстары. Бұл тұрғыда аудандық аурухана басшысының орынбасары С.Сұраншиева арнайы бағдарламаларды кеңейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Б.Апильжанов құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға бағытталған мобильді топтардың жаңа алгоритмін таныстырды.

Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ғабдулұлы жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар білдірді. Өз кезегінде Бақыт Сахатов жауапты мекемелерге жасөспірімдер қауіпсіздігі бағытында жүйелі мониторинг жүргізуді және тапсырмалардың орындалу мерзімдерін нақты белгілеуді тапсырды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ