Қордай ауданындағы медициналық мекемелерде өрт және терроризм қаупінің алдын алу бойынша арнайы оқу-жаттығу сабақтары өтті,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Азаматтың өмірі мен амандығы – мемлекеттің маңдайалды міндеті. Ал сол азаматтың жанын арашалап жүрген ақ халатты абзал жандардың қауіпсіздігі мен төтенше жағдайларға дайындығы – кез келген денсаулық сақтау мекемесінің назарында болуы тиіс. Қордай аудандық орталық ауруханасы осы ұстаныммен нақты іс-шараларды қолға алды.
Атап айтқанда, аудан ауруханасы мен ауылдық амбулаторияларда өрт қауіпсіздігі мен терроризмнің алдын алуға бағытталған арнайы оқыту сабақтары ұйымдастырылды. Оқытуға техникалық қауіпсіздік инженері И.Данилович пен азаматтық қорғаныс жөніндегі инспектор А.С. Байгубенов қатысты.
Сабақ барысында медициналық қызметкерлерге төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттер толық түсіндірілді. Қатысушылар эвакуацияны қалай ұйымдастыру керектігін, алғашқы өрт сөндіру құралдарын дұрыс қолдану жолдарын, сондай-ақ күдікті заттарды анықтаған жағдайда не істеу қажет екенін үйренді. Теориямен шектелмей, практикалық бөлім де қамтылды. Медқызметкерлер жаттығу арқылы өз әрекеттерін көзбен көріп, қолмен жасап көрді.
Сабаққа қатысушылар белсенділік танытып, нақты сұрақтар қойып, жаттығуға ықыласпен араласты. Бұл – төтенше жағдайда саспай әрекет етуге қажетті дайындықтың бір көрінісі. Қауіпсіздікке селқос қарауға болмайтынын олар жақсы түсінді.
Айта кетерлігі, мұндай жаттығулар тек мекеме аясындағы шара ғана емес. Бұл – бүкіл аудан қауіпсіздігіне қосылған үлес. Қордай өңірінде азаматтық қорғаныс бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Аудандық орталық аурухананың басшылығы мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты өтетінін мәлімдеді. Себебі, медицина маманы үшін тек кәсіби білім емес, қауіпсіздік мәдениеті де басты қажеттілікке айналып отыр.