«AMANAT» партиясының Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясы мен тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы 19 тамыз күні өтті. Жиын партияның аудандық филиалының мәжіліс залында ұйымдастырылып, онда екі негізгі мәселе қаралды, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Алғашқы мәселе — тұрғын үй құрылысына арналған алқаптардың игерілуі. Бұл бағыттағы жұмыстар жайлы Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев баяндама жасады. Оның айтуынша, Қордай ауылының «Батыс» ықшам ауданында 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылдан бері өтпелі жоба ретінде жалғасып келеді. Жаңа мердігер «Эстимат» ЖШС-мен келісім жасалып, нысанды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, алдағы жылы қосымша 120 пәтер сатып алу көзделген. Қазірдің өзінде республикалық бюджет есебінен 20 пәтер пайдалануға берілген.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — жол саласының жағдайы. Бұл бағытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсейтов есеп берді. Оның мәліметінше, Қордай ауданындағы жалпы жолдардың ұзындығы 1344 шақырымды құрайды. Қазір Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Арал ауылына кіреберіс және Қаракемер–Керу бағытындағы төрт жоба жүзеге асырылуда. «Ақ жол сервис» ЖШС мердігер ретінде анықталып, Арал ауылында жолдың негіздемесі төселген. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды жөндеу басталған. 2025 жылы Қордай, Сарыбұлақ, Сортөбе және Степной ауылдарындағы орташа жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Бұдан бөлек, «Отар–Сұлутөр–Көктөбе» бағытындағы 16 шақырымдық жолды қайта қалпына келтіру қолға алынған. Қазіргі таңда 12,7 шақырым жөнделіп, қалған 3,3 шақырым жолды 2025 жылдың қыркүйегінде толық аяқтау жоспарланып отыр.
Жиын барысында депутаттар баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу соңында бірқатар шешім жобалары қабылданды.