Бүгін республикалық референдум аясында «Референдум – 2026» атты онлайн марафон өз жұмысын бастады. Шараны ұйымдастырушы – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы. Марафон сағат 09:00-де басталып, 01:00-ге дейін жалғасады. Қоғамдағы өзекті мәселелер мен ел дамуына арналған бастамалар талқыланатын ауқымды алаң,- деп хабарлайды «Korday24.kz» ақпараттық агентігі.
Іс-шараның ашылуын 100 домбырашы «Балбырауын» күйімен атап өтті. Марафон аясында алғаш рет роботтар мен голограмма технологиясы қолданылады.
Онлайн марафон бес негізгі алаңда өтеді: басты сахна, ток-шоу алаңы, инновация алаңы, орталық коммуникациялар алаңы және экспресс-камера. Қатысушылар пікірталастарға қатысып, өз ойларын жеткізе алады.
Марафонда Aleem тіл үйрету қосымшасы, механикалық жүрек, жаңа арба, «ақылды» ұлтарақ, өрт сөндіру роботы, робот иттер және «Mainsafe» смарт-қолғап таныстырылады. Сонымен қатар, саясаткерлер, сарапшылар, өнер және спорт өкілдері қатысады.
Іс-шара YouTube, Facebook, Instagram, TikTok және Telegram платформаларында тікелей көрсетіледі.

