2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға дайындық аясында Қордай ауданында учаскелік комиссиялардың төрағалары мен хатшыларына арналған семинар-кеңес ұйымдастырылды. Іс-шараны аудандық аумақтық референдум комиссиясы өткізді. – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі
Семинар барысында аумақтық комиссия төрағасы А.Сырлыбаев референдумды ұйымдастырудың негізгі талаптарын түсіндірді. Учаскелерді талапқа сай жабдықтау, дауыс беру процесін заңнамаға сәйкес өткізу, сондай-ақ дауыс беру рәсімдерінің тәртібі жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың еркін әрі құпия дауыс беру құқығын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Комиссия төрағасының орынбасары Э.Күмекбай дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмыс жүргізу тәртібіне тоқталды. Тізімдерді нақтылау және жаңарту, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау алгоритмі түсіндірілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы да атап өтілді.
Аумақтық комиссия хатшысы Г.Ниязгулова референдум құжаттарын рәсімдеу талаптары, есеп жүргізу тәртібі және ақпараттық материалдарды орналастыру мәселелері бойынша түсіндірме берді. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға дауыс беру кезінде қолайлы жағдай жасау талаптары айтылды.
Кездесу барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, практикалық ұсыныстар алды. Теориялық мәліметтермен қатар, нақты жағдайлар бойынша мысалдар қарастырылып, комиссия мүшелеріне әдістемелік ұсынымдар берілді.
Семинар учаскелік комиссиялардың жұмысын үйлестіруге, референдумды ашықтық пен жариялылық қағидаттарын сақтай отырып ұйымдастыруға бағытталды. Шара дайындық жұмыстарының маңызды кезеңдерінің бірі ретінде бағаланды.

