Қордай аудандық аумақтық референдум комиссиясының отырысы өтіп, 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізуге дайындық барысы талқыланды. – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі

Жиын 2026 жылғы 13 ақпанда өтті. Комиссия төрағасы Асылбек Төреханұлы Сырлыбаев отырысты ашып, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығына сәйкес жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум тағайындалғанын мәлімдеді.

Референдум бюллетеніне «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал енгізілгені айтылды.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы бекіткен негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары қаралды. Сондай-ақ Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының жоспарын іске асыру тетіктері нақтыланды. Комиссия мүшелерінің функционалдық міндеттері бекітіліп, тиісті тапсырмалар жүктелді.

Ұйымдастырушылық-құқықтық қамтамасыз ету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, материалдық-техникалық дайындық және учаскелік комиссиялардың қызметін үйлестіру бағыттары айқындалды. Әдістемелік көмек көрсету тәртібі де белгіленді.

Сонымен қатар науқан кезеңіндегі жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін жауапкершілік бағыттары бөлінді. Міндеттердің орындалу мерзімі мен есеп беру тәртібі айқындалды.

Жиын қорытындысында референдумды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, ашықтық қағидаттарын сақтай отырып өткізу міндеті қойылды.