Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу рәсіміне қатысу үшін келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Кездесу барысында екі ел басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстардың қазіргі деңгейін жоғары бағалады. Президенттер мемлекеттер арасындағы тұрақты саяси диалогтың, сондай-ақ үкіметтер мен іскер топтар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығына тоқталды.
Әңгіме кезінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, көлік-логистика және энергетика салаларындағы байланыстарды нығайту мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың өзектілігі айтылды.
Тараптар өңірлік және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы көпжақты кездесулер аясындағы бірлескен іс-шаралардың жоспарын талқылады.

