2026 жылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түсімдер жоспардан асып, инфляцияның қарқыны бәсеңдеді, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Жедел деректерге сәйкес, биылғы жылдың 1 тоқсанында бюджет кірістері (трансферттерді есептемегенде) 104,4%-ға орындалды. Жоспарланған 6 176,2 млрд теңге орнына бюджетке 6 444,9 млрд теңге түсті. Осылайша, бюджетке қосымша 268,7 млрд теңге түсті.
2025 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда кірістер 930,6 млрд теңгеге, яғни 16,9%-ға өсті. Бұл өсім республикалық және жергілікті бюджеттерде де байқалды. 2026 жылға арналған республикалық бюджет кірістері 18,886 трлн теңге деңгейінде жоспарланған, бұл өткен жылғы нақты түсімнен 4,4 трлн теңгеге жоғары.
Республикалық бюджеттің кірістері 101,8%-ға орындалды: жоспарланған 4 085,6 млрд теңге орнына 4 159,4 млрд теңге түсті. Өсім 26,1% (+861,8 млрд теңге) деңгейінде тіркелді. Мұның басты себептері – Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына әлемдік нарықтағы бағаның өсуі, 2025 жылғы соңғы тоқсанда ЭШФ жүйесінде тіркелген тауарлар мен қызметтер көлемінің артуы, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендірудің нәтижелері.
Салықтық түсімдер республикалық бюджет кірісінің негізгі бөлігін (98%) құрайды. Бұл көрсеткіш 101,6%-ға орындалып, жоспарланған 4 012,8 млрд теңге орнына 4 077,6 млрд теңге түсті. Өсім өткен жылмен салыстырғанда 31,5% болды. Айта кету керек, 2026 жылғы қаңтар–наурыз кезеңінде ҚҚС төлеу мерзімі 2025 жылғы IV тоқсанға келді, сондықтан 12% ставка бойынша салық міндеттемелері есептелді.
Салық өсімі негізінен импортталатын тауарларға салынатын КТС (+16,9%), ҚҚС (16% ставка бойынша, +24,2%) және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (+35,7%) есебінен қамтамасыз етілді.
Жергілікті бюджет кірістері 109,3%-ға орындалып, жоспарланған 2 090,6 млрд теңге орнына 2 285,5 млрд теңге түсті. Өсім 3,1% (+68,8 млрд теңге) деңгейінде болды.
Жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 392 мың адам арнайы салық режимінде тіркелді, ал ҚҚС төлеушілер саны 10 мың субъектке артты.
Инфляцияны төмендету үрдісі тұрақты болып отыр. Наурызда инфляция қарқыны қаңтар–ақпандағы 1,0–1,1%-дан 0,6%-ға дейін баяулады. Бұл көрсеткіш алтыншы ай қатарынан төмендеуде: 2025 жылғы қыркүйекте 12,9%-дан бастап біртіндеп 11,0%-ға дейін түсті. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, 2027 жылдың басында инфляция бір таңбалы деңгейге жету ықтималдығы жоғары.

