Қордай ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен келді,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Сапар мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйін бақылау, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысу және тұрғындармен кері байланыс орнату.
Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов бастап жүрді. Ең алдымен, халық қалаулылары Қордай аудандық орталық ауруханасына барып, медициналық қызмет сапасын, дәрігерлердің жұмысы мен мекеменің материалдық-техникалық базасын саралады. Кейін №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны аралап, оқу орнының жағдайына назар аударды.
Сапар барысында сенаторлар тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың жұмысымен танысып, қыс маусымына дайындық деңгейін бағалады.
“Сапалы медициналық қызмет пен қауіпсіз тұрғын үй – әрбір азамат үшін басты қажеттілік. Жергілікті нысандарда оң өзгерістер байқалады, дегенмен жүйелі жұмысты жалғастыру қажет”, – деді сенатор Бекболат Орынбеков.
Депутаттар сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім нысандарына барды. Атап айтқанда, Қаракемер мен Қарасу ауылдарында 300 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандар 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
“Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға бағытталған нақты қадам. Құрылыс жұмыстары сапалы әрі мерзімінде аяқталуы тиіс”, – деді Сәкен Арубаев.
Сондай-ақ делегация Сортөбе ауылындағы М.Мәметова атындағы мектептің қазандық жүйесін қарап шығып, жауапты мамандарға нақты ескертулер мен ұсыныстар берді.
Сапар қорытындысында сенаторлар аудан басшылығына бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олар әлеуметтік нысандардың құрылысын тұрақты бақылауда ұстау және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.